National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті

2016 жылғы 21 қыркүйек

Комиссия отырысын ашқан Г.Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 9 қыркүйекте өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы жоспардан стратегиялық дамудың міндеттерін орындауға көшу жөніндегі берген тапсырмаларын іске асыру үшін әрдайым сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алып, мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін бюджет қаражатының қатаң бақылануын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Отырыс барысында бірқатар мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының баяндамалары тыңдалды. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сондай-ақ мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын игеру жөніндегі шаралар талқыланды.

Г.Әбдіқалықова осы саладағы сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтатын тетіктер қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Олардың тиімділік дәрежесіне экономиканың ахуалы ғана емес, мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы да қатысты болмақ.

Сондай-ақ, мемлекет тарапынан индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 және 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламаларын орындауға елеулі бюджет қаражаты бөлінетіні айтылды. Оларды жүзеге асыру кезінде бюджет қаражатын пайдалануға қатысты көптеген заң бұзу жайттары қатар жүретіні анықталды. Индустрияландырудың алғашқы бағдарламасы іске асырылғалы бері ақшалай қаражатты жымқыру фактілері бойынша мемлекетке 13 млрд теңгеден астам зиян келтірілген.

Мемлекеттік хатшы бағдарламалардың жергілікті жерлерде Елбасының тапсырмаларына сәйкес тиімді орындалуының, әрбір инвестициялық жобаның іске асырылуының, сондай-ақ халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде электрондық ресурстар мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың маңыздылығын атап көрсетті.

Комиссия шешімімен мемлекеттік органдарға заңдылықты бұзу фактілеріне  қатысты мәселелерді реттеу және алдағы қызметте оларға жол бермеу шараларын қарастыру тапсырылды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің