Жаңалықтар

6 наурыз 2012
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің ағымдағы жылдағы бірінші отырысы болып өтті.
01

Күн тәртібіне еліміздің су қауіпсіздігінің жай-күйі туралы, сондай-ақ Қазақстанның күш құрылымдарының әскери-экономикалық және әскери-техникалық қызметі туралы екі мәселе енгізілді.

Кеңесті аша отырып, Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету көптеген мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан үшін өзекті проблема болып отырғанын атап өтті. Бұл саладағы негізгі проблемалар ретінде су көздерінің ластануы, экономиканың әртүрлі саласында су пайдалану технологиясының ескіруі, сондай-ақ трансшекаралық өзендердегі су бөлу саласындағы мәселе аталды.

- Екі мәселе де өте маңызды. Қазір әлемде ауыз су проблемасы энергетикалық ресурстар мәселесімен бір қатарға қойылған. Бүгінде 80-ге жуық ел ауыз судың жетіспеушілігін сезінуде,  әлемдегі су қоры әр жыл сайын азая түсуде. Қазақстанда жер бетіндегі және жерасты су ресурсы қысқаруда. Сондықтан ауыз суды орынды пайдалану, өзімізде бар байлыққа ұқыпты қарау маңызды экономикалық және саяси міндетке айналды. Оның үстіне Қазақстанның су ресурстарының 40 пайызы біздің елімізге шеттен келеді. Бұл мәселе әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде қатты сезінеді. Сонымен қатар, ҚХР-мен және Ресеймен шекараға шектес аймақта су мәселесі өте маңызды. Бұл мәселе өте маңызды, бізге олардан айрылуға болмайды. Тиісті министрлік, ведомства – Сыртқы істер министрлігі, Үкімет бұл туралы тек сөйлесіп, одан соң ұтытып кетуге тиісті емес. Қазір осының бәрі аяғына дейін жеткізілген жоқ. Бұл мәселеге бұлай қарауға болмайды, су – ол стратегиялық ресурс және ол елдің орнықты дамуы үшін өте маңызды. Әскери-экономикалық, әскери-техникалық ынтымақтастық – ол мемлекеттің негізгі қамқорлығы. Қауіпсіздік мәселесі біздің 2030 жылға дейінгі даму Стратегиямыздың негізгі міндеті болып табылады. Мемлекет мүмкіншілігіне қарай ақша бөлуде және аз ақша бөліп отырған жоқ. Осы ресурсты Қазақстанның барлық ішкі мүмкіндіктерін іске қоса отырып, ыждағаттықпен пайдалану керек. Қазірше шекара маңындағы катерден басқа өзіміз ештеңе жасамаймыз. Бұл мәселе әлі алғашқы сатысында қалып қойған. Сондай-ақ қолда бар техниканы, өзімізде бар жөндеу базасын жұмыс істейтін қалыпта сақтап қалудың маңызы зор. Егер жаңа техника сатып алар болсақ, онда қандай да бір саяси және экономикалық проблемаға қарамастан, қазіргі заманғы талапқа жауап беретінін алу қажет. Бұл ел қауіпсіздігінің маңызды мәселесі, - деп атап өтті Президент.

Ауыз су сапасын жақсарту, энергетика, металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммуналдық саладағы кәсіпорындарда суды пайдалану және суды үнемдеудің қазіргі заманғы технологиясын енгізу жөніндегі басым міндеттерді шешуге ерекше назар аударылды.

 

Талқылаудың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласындағы қызметті жетілдіру, су ресурстарын төмендетуге жол бермеу, «Ақбұлақ» мақсатты бағдарламасының тиімді орындалуы жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ гидротехникалық ғимаратты пайдаланудың жай-күйі мен қауіпсіздігі үшін бақылауды күшейту қажеттігін атап көрсетті.

Сонымен қатар, бірінші мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков пен Білім және ғылым министрлігінің география институтының директоры А. Медеу баяндама жасады. Сондай-ақ жеке мәселелер бойынша өзге де мемлекеттік органдардың басшылары хабарлама жасады.

Екінші мәселені қарауға көше отырып, Мемлекет басшысы билік органдары тарапынан елдің қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін арттыру және құқық тәртібін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылатынын атап өтті. Бұл мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі.

Соңғы бірнеше жыл ішінде мемлекеттік қорғаныс тапсырыс көлемінің едәуір ұлғайтылуы Қазақстанның күш құрылымдарын дамыту және материалдық-техникалық базасын жетілдіру үшін қажетті жағдай жасады.

2011 жылдың қазанында ел Президенті әскери-экономикалық қамтамасыз ету міндеті басымдықтардың бірі ретінде анықталған жаңа Әскери доктринаны бекітті.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында негізгі баяндаманы Қорғаныс министрі Ә. Жақсыбеков жасады, жеке мәселелер бойынша - ҰҚК, ІІМ, ТЖМ, өзге мемлекеттік органдардың басшылары хабарлама жасады.

Отырысты қорытындылай келе, Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік күш құрылымдарын техникалық жарақтандыру қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге теңбе-тең жағдайда болуы тиістігін атап өтті.

Осыған байланысты елдің сұранысы мен экономикалық мүмкіндіктері арасындағы оңтайлы балансты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысын іске асыруға бөлінетін бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану қажет.

Қорғаныстық тапсырыста қазақстандық қамту үлесін арттырудың маңызы атап өтілді. Өйткені бұл біздің азаматтар үшін жаңа жұмыс орнын, салық салу базасының өсуін, жалпы алғанда, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етеді.

Ортырыстың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке, өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берді. Олардың орындалуына бақылау жасау Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жүктелді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар