Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

20 қыркүйек 2006
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті
71.jpg

Отырыста бүгінгі күнгі елордадағы нашақорлық жағдай ахуал қауіп төндіріп тұрғаны аталып өтті. Есірткі пайдаланатын адамдардың саны жыл сайын орташа есеппен 20%-ға артып отыр. Осыған байланысты есірткі пайдалану деңгейін төмендету, есірткі бизнесімен күресті және Астанадағы есірткі айналымына бақылауды күшейту, елорда маңында есірткіге қарсы өзіндік белдемше құру жөнінде кең ауқымды шараларды жүзеге асыру қажеттілігі аса өзекті мәселеге айналды.

 
Талқылаулардың қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев осы міндеттерді шешуге бағытталған «Астана – есірткісіз қала» атты 2008 жылға дейінгі бағдарламаны жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Бағдарламаны жүзеге асыру есірткіге тәуелді ауруларды оңалту үшін аса қолайлы жағдай туғызады. Елорда арқылы өтетін астыртын есірткі трафигінің жолын кесу, заңсыз есірткі айналымының деңгейін төмендету және онымен байланысты қылмыстарды бейтараптандыру осы бағдарламаның тағы бір тиімді нәтижесі болуы тиіс. Сондай-ақ аталған бағдарлама мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және қоғамдық ұйымдардың арасында нашақорлықтың алдын алу мәселелері жөніндегі өзара іс-әрекеттерді кеңейтуге ықпал етуі тиіс. Ең бастысы, бағдарламада Қазақстанның өкілетті органдарының мүдделі халықаралық ұйымдармен бірлесіп нашақорлықтың алдын алу, есірткіге тәуелді тұлғаларды емдеу және оңалдыру, сондай-ақ есірткі бизнесімен күрес салаларындағы іс-әрекеттерді үйлестіруді арттыруға аса көңіл бөлініп отыр.

 
Елбасы барлық мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен жалпы жұртшылық топтасқан жағдайда ғана бағдарлама табысты болатынын атап өтті.

 

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қаралған екінші мәселе Қазақстан Республикасының аумағында Адамдардың қорғаныш тапшылығының инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы болды. Бұл мәселе Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған төтенше жағдайға, атап айтқанда, Шымкент қаласының медициналық мекемелерінде балалардың жаппай Адамдардың қорғаныш тапшылығының инфекциясын жұқтыруына байланысты қаралып отыр.

 
Осы мәселе бойынша отырыста денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиевтің есептері тыңдалды.

 

Осы мәселені қарау қорытындысы бойынша Елбасы денсаулық сақтау саласындағы ахуалды түбегейлі жақсартуға бағытталған шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.

 
Президент денсаулық сақтау министрі Е.Досаевты және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Жылқышиевті өз қызметтерінен босатты. Сондай-ақ Үкімет қаулысымен Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет сапасын бақылау комитетінің төрағасы В.Ахметов қызметінен босатылды.

 

Үшінші мәселе мемлекеттік активтерді басқарудағы бірқатар проблемаларды қарауға арналды.

 
Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі Анар Мешімбаева баяндама жасады.

 
Отырыста талқыланған барлық мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына жүктелді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар