Жаңалықтар

11 қараша 2005
Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Харухико Куроданы қабылдады.
110.jpg

Кездесуде екіжақты және өңірлік экономикалық ынтымақтастық, Қазақстанның жеке секторы мен инфрақұрылымын дамыту бағдарламалары, сондай-ақ Орталық Азиялық өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Өңірлік ынтымақтастық (ОАӨЭЫ) бағдарламасына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Әзірбайжан және Монғолия елдері қатысушы болып табылады.

-Біз Қазақстанның ОАӨЭЫ-ға көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз, – деп атап өтті АДБ басшысы.

Ол сондай-ақ Қазақстан Президентінің Орталық Азия мемлекеттері Одағын құру жөніндегі идеясының айрықша мәні мен болашағын атап өтті.

– Бұл орталықазиялық республикалары үшін аса маңызды бастама, оның іске асырылуы арқылы өңірдің қарышты экономикалық дамуына серпін беретін ортақ нарықты құруға жол ашылмақ, – деді Харухико Курода.

Азия даму банкінің басшысы сонымен қатар Қазақстанның экономикалық даму қарқынын жоғары бағалады:

-Қуатты басшылықтың арқасында Қазақстанда экономикалық даму саласында өте көп іс атқарылды. Мен Қазақстанның соңғы жылдары паш етіп келе жатқан экономикалық және әлеуметтік қарқынын жоғары бағалаймын. Осы серпінділікті бекемдей түсу және осы деңгейде сақтау аса маңызды, –деп атап өтті Х. Курода.

Ол Қазақстан Республикасы Үкіметі мен АДБ арасындағы ынтымақтастық жаңа сындарлы кезеңде жалғастығын табатынына сенім білдірді.

 

Азия даму банкі 1966 жылы Азия және Тынық мұхиты жөніндегі БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік комиссиясының шешімімен құрылған болатын. Банк қызметінің басым бағыттары Азиялық-Тынық мұхиты өңірі елдеріндегі арнайы бағдарламаларды қаржыландыру, олардың ішкі саудасын дамытуға ықпал ету, қаржылық, техникалық және экономикалық көмек көрсету болып табылады.

 

Қазақстан 1994 жылдан бері АДБ-ның мүшесі. Банк Қазақстанның көлік, ауыл шаруашылығы, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларына қаржылық көмек көрсетіп келеді. Ынтымақтастық орнаған тоғыз жыл ішінде АДБ Қазақстанға 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 500 миллион доллардан астам соммаға 12 қаржылай несие ұсынды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар