Жаңалықтар

4 шілде 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға екі күндік ресми сапармен келген Қырғызстан Республикасының Президенті Құрманбек Бакиевпен кездесті.

Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында екі ел басшылары екіжақты ынтымақтастық, атап айтқанда сауда-экономикалық, қаржы, гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ Қырғызстан экономикасындағы Қазақстан инвестициясын арттыру мүмкіндіктеріне қатысты мәселелерді талқылады.

 
- Қазақстан мен Қырғызстан арасында саяси да, экономикалық та проблемалар жоқ. Біз барлық мәселелер бойынша толық өзара түсіністік жағдайында жұмыс істеп жатырмыз. Біз Қырғызстанды қолдаймыз әрі сіздер қол жеткізген табыстарға қуанамыз. Мен әрдайым қазақстандық бизнесті Сіздің елдің экономикасына инвестиция салуға бағыттап отырамын. Нақ сол инвестициялардың арқасында Қазақстан экономикасы көтеріліп отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің ашылуында.

 
Қырғызстан Президенті Қазақстан басшысына елімізге ресми сапармен келуге шақырғаны үшін алғысын білдірді.

 
- Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың достық сипат алғаны екі мемлекеттің де халқына мәлім. Өткен жылы біздің еліміз басынан өткерген қиындықтарға қарамастан, мен Қырғызстан Республикасына салынған Қазақстан инвестициясының екі еседен аса артқанын атап өткім келеді. Бүгінгі күні Қазақстанның бес банкі Қырғызстан аумағында жұмыс істейді. Қазақстан бизнесінің елімізге бұдан да белсендірек инвестиция тартқанын қалаймыз, - деп атап өтті Қ.Бакиев.

 
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан басшылары Бірлескен декларацияға қол қойды.

 
Екі мемлекет басшыларының қатысуымен құпия ақпараттарды өзара қорғау туралы; қазақ-қырғыз шекарасында бірлескен бақылау жүргізу туралы; Қырғызстан шекара әскерлері үшін кадр даярлау және біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы; білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы; еңбек қызметі мен еңбектенуге көшіп келушілерді әлеуметтік қорғау туралы хаттамаларға қол қойылды. Сонымен бірге тараптар еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктері мен білім және ғылым министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, Шекаралық ынтымақтастық мәселелері жөнінде өзара іс-қимыл туралы хаттама қабылданды.

 
Ресми құжаттарға қол қою рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиев бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

 

- Біз көрші мемлекеттерміз, біздің ортақ нәрсеміз көп. Тәуелсіздік жағдайында және қазіргі заманғы уақыт ығытына қарсы тұру үшін біз бірлесіп жұмыс істеуге тиіспіз. Бізге екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің барлығын шешуге толық өзара түсіністік бар. Бүгінгі күні қол қойылған құжаттар әлдеқашаннан-ақ өзінің шешімін күтіп жатқан көптеген мәселелерді күн тәртібінен алды. Ең бастысы, біздің үкіметаралық комиссия осы келісімдердің уақытылы орындалуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Біздің бірлесіп қарайтын мәселелеріміз көп: – бұлар – туризм, көлік және сауда, қырғыз жобаларына салынатын қазақстандық инвестициялар. Бүгін Қазақстанның Қырғызстан экономикасына 200 миллион долларға жуық қаржы салуы, сондай-ақ 350 миллион долларға жеткен тауар айналымының өсуі арқасында Қазақстанның Қырғызстан үшін нөмірі бірінші инвестор болуы біздің өзара қарым-қатынастарымыздың тереңдегенін және екіжақты ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін білдіреді. Біз көшіп келушілерді әлеуметтік қорғау проблемаларын, Қазақстанның Ыстықкөлдегі меншігі, энергетика және сауда мәселелерін шештік. Мұның барлығы да екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін аса маңызды. Осылайша, Қырғызстан Президентінің осы жолғы сапары өте сәтті болып отыр, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатында.

 
- Біз бүгін талқылаған мәселелер және қол қойған құжаттар тиімді, әсіресе экономикалық ынтымақтастыққа негіз бола алады. Қырғызстан өз тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстан Республикасы басшылығының қолдауы мен көмегін үнемі көріп келеді, - деп атап көрсетті Құрманбек Бакиев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар