Жаңалықтар

9 қараша 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Сергей Сидорскийді қабылдады.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ Қазақстан Президентінің биылғы жылдың қарашасының аяғында Беларусьқа ресми сапарына дайындық мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастар өзара түсіністік және сенімге негізделген дәстүрлі атмосферада дамып келе жатқанын атап өтті. Екі ел арасында өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз байланыстар орнатылған. Қазақстан, Беларусь және Ресей Кедендік одағын құру жөніндегі бірлескен жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл үш мемлекеттің жоғары деңгейдегі экономикалық интеграцияға шығуына жол ашады.

Қазақстан мен Беларусьтың өзара іс-қимылының негізгі бағыттары ретінде машина жасау кешені, металлургия, Қазақстанда автотехника мен ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру жөнінде бірлескен кәсіпорындар құру мәселесі атап өтілді.

Қазақстан Президентімен кездесуден кейін Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Сергей Сидорский бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте:

- Біз Беларусь және Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында алдағы уақытта 37 жобаны қолға аламыз. Атап айтқанда, медицина, ауыл шаруашылығы, жаңа технология салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырмақпыз. Сондай-ақ, Беларусь капиталын Қазақстанға, ал Қазақстан капиталын Беларусьқа тартамыз,- деп қорытты сөзін.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар