Жаңалықтар

1 қараша 2005
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге Қазақстан Парламенті Сенатының шақыруымен келген Еуропалық Парламент төрағасының орынбасары Алехо Видал-Квадрас Роканы қабылдады.

Кездесуде Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара мүдделестікке жол ашатын ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 

 -Менің келу сапарым Еуропалық Парламент пен Қазақстан Парламентінің қос палатасы арасында тиімді өзара қарым-қатынас қалыптасқанын айшықтайды, – деп атап өтті Еуропарламент төрағасының орынбасары  журналистермен өткен брифингте.

А.Видал-Квадрас Рока «Еуропалық Одақ үшін Қазақстан атқаратын рөлі жыл өткен  сайын өсе түсетін маңызды стратегиялық әріптес болып табылатыны айдан анық», деп атап көрсетті.

 -Біріншіден, Қазақстан ЕО үшін энергетикалық ресурстардың негізгі әрі ірі жеткізуші ретінде маңызды. Өздеріңізге мәлім, ЕО-ның энергетикалық саясатының басты сипаты энергетикалық ресурстар импортын әртараптандыру болып табылады. Сондықтан да біз әлемдік нарыққа көмірсутегі жеткізушілердің бастыларының бірі  ретінде  Қазақстанның өсіп-өркендеуін аса ыждаһаттылықпен қабылдаймыз.  Екіншіден, Еуропалық Одақ қазіргі әлемде Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің айқын дәлелі ретінде қарастырады. Үшіншіден, Қазақстан көпұлтты және көп конфессиялы қоғамның бейбіт қатар үйлесімді өмір суруінің жарқын үлгісі саналады. Бұл орайда сіздердің тәжірибелеріңіз әлемнің көптеген елдеріне тиімді болуы мүмкін, – деді еуропалық парламент өкілі.

 А.Видал-Квадрас Рока сондай-ақ Еуропарламент мүшелерінің басым бөлігі Қазақстандағы саяси және демократиялық өзгерістердің даму ырғағын, демократиялық институттардың сапасын оң бағалайтынын жеткізді.

Кездесуде сондай-ақ Қазақстандағы алдағы сайлау науқаны да талқыланды.

- Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы ОСК-ның Еуропарламент тарапынан сайлауға бақылаушы ретінде қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдірдім. Біз еуропалық бақылаушылардың қатысуы Қазақстандағы президенттік сайлауға баға беру мен жариялау барысында жағымды рөл атқаратынына сенімдіміз. Еуропалық Парламентте алдағы сайлау таза, әділ әрі демократиялық негізде өтеді деген сенімділік басым, - деп атап көрсетті Еуроодақ парламентінің өкілі.

Сондай-ақ А.Видал-Квадрас Рока Мемлекет басшысына Еуропалық Парламент Президентінің ресми жолдаухаты мен Испания Королінің жеке хатын табыс етті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар