Жаңалықтар

28 қазан 2005
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан кәсіпкерлерінің екінші Конгресіне қатысты.

168.jpg

169.jpg

Форумға қатысушылар қатарында «2005 жылы шағын кәсіпкерлікті дамытудағы жетістігі үшін» өңірлік конкурстардың жеңімпаздары, Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Жалпыұлттық одағының, республикалық салалық және мамандандырылған ассоциациялардың, депутаттық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

 
Конгресте сөз сөйлеген бизнес қауымдастықтарының өкілдері бұдан бұрын өткен кездесуде әңгімеге арқау болған мәселелердің барлығы іске асырылғанын атап өтті. Ел Президенті жанындағы Кәсіпкерлер одағы құрылды. Таяудағы екі жылға арналған Шағын  және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шұғыл шаралардың жаңа бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Заңнамалық база, салық салу, лицензиялау, кәсіпкерлікті қаржылай қолдау жүйесі барынша жетілдірілуде. Даму институттарының қолдау көрсетуімен кең көлемді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, «қаржылық супермаркет» жасақталды, ірі кәсіпорындардың салаға қатысы жоқ функцияларын нарықтық ортаға беру жөніндегі жұмыстар оң арнаға бағыт бұруда. Бастапқы бизнеске кеңейтілген кеңес беру мен білімін жетілдіру жөнінде көмектер көрсетілуде.

 
Алдағы үш жылда шағын және орта бизнесті несиелеу көлемі 95 миллиард теңге шамасына жетеді. Нәтижесінде осы кезеңде екі жүз мыңнан астам жұмыс орыны ашылады.

 
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес еліміздегі ІЖӨ-нің үштен бірінен астамын өндіреді. Бұл ел экономикасында кәсіпкерліктің рөлін арттырудың айқын мысалы.

 
-Мен бизнесті нарыққа ең алғаш аяқ басқан қиын кезден бері қолдадым және әрдайым кәсіпкерлік  уақыт өте келе реформалардың нағыз діңгегі мен мазмұнына айналады деген үлкен үміттер арттым.  Қазіргі уақытта біздің мақсатымыз Қазақстанды жоғары өмір сүру стандарттары бар әлемнің серпінді дамып келе жатқан елдерінің біріне айналдыру.

 

Әлбетте, бұл мақсатқа жету үшін отандық экономиканың, яғни кәсіпкерліктің  бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет етіледі. Жеке сектор неғұрлым мығым болса, мемлекет те соғұрлым қуатты, – деп атап көрсетті Президент.

 
Мемлекет басшысы билік пен бизнес қауымдастықтары арасындағы серіктестіктің жаңа идеологиясының бағдарын айқындады және оның тұғыры саналатын экономикалық серіктестік, әлеуметтік жауапкершілік және азаматтық ұстанымды «үш китке»  балады.

 
Біріншіден, «мемлекет кәсіпкерлік пен халық үшін» қағидаты өзара іс-қимылдың өрнегіне айналуы тиіс. Іс жүзінде бұл мемлекеттік аппараттың іс-қимылы шағын бизнестің дамуына одан әрі жәрдемдесуге бағдарлануы қажеттігін айғақтайды.

 
-Мемлекеттік,  әсіресе жергілікті  органдарға берілетін баға ондағы  кәсіпкерліктің даму сатысымен өлшенуі тиіс, – деді Президент.

 

Екінші міндет – бизнес пен мемлекет арасындағы барлық деңгейдегі үнқатысу тетіктерін жетілдіру.

 
- Кәсіпкерліктің проблемалары мен даму перспективасын кеңінен талқылау, ең маңызды деген міндеттерді шешу мүмкіндігін қарастыру аса маңызды. Осы орайда мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік арасындағы өзара ықпалдастық туралы мемарандумның әзірленуін тиімді деп есептеймін, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 
Үшінші міндет – жеке меншікті қорғау.

 
- Кәсіпкерлер Қазақстандағы бизнестің қауіпсіздігі мен келешегіне сенімді болуы тиіс, - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

 
Төртінші – экспортқа бағдарлау.

 
- Мемлекет өз тарапынан алдағы уақытта да шетке шығаруға бағытталған жоғарытехнологиялық өнімдер өндірісінің тартымдылығын арттыра береді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 
Бесінші – Қазақстандағы бизнес-климатты барынша жақсарту.

 
Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандық бизнес өкілдерін, қоғамның барлық күш-қуатын ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін орнатуға, жаңа жетістіктерге қол жеткізуге шақырды.

 
- Біздің ұстанымымыз: «Әр қазақстандықтың ырысы – бүкіл елдің ырысы»! Мен жылдар бойы осы қағиданы басшылыққа алдым. Мен үшін жаңа президенттік мерзімде де дәл осы ұстаным басты болып қала бермек.

 
Бірге біз өз тарихи қалауымыздың дұрыстығын дәлелдейміз және мен қазақстандық кәсіпкерлердің еліміздің гүлденуіне өздерінің айрықша үлестерін қосатынына сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 
Қазақстан кәсіпкерлерінің конгресіне қатысушылар Қарар қабылдады.

 

Онда: «Біз бизнес пен мемлекеттің ортақ мақсаты – Қазақстанды гүлдендіру екенін іс жүзінде көрдік». Сондықтан да біз – елдің бизнес-қоғамдастығы өкілдері Кәсіпкерлер конгресінің атынан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын және бәсекелестікке қабілетті кәсіпкерлікті дамытуға, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, азаматтық қоғам құруға арналған бағдарын толық қолдайтынымызды мәлімдейміз! Тек бірге! Тек алға!» - делінген.

Елбасы сөзінің мәтінін қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар