Жаңалықтар

28 қазан 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Француз Республикасына ресми сапары жалғасуда.

01

02

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Париж Хартиясының 20 жылдығына және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына арналған конференцияға қатысты.

Конференция жұмысына Францияның көрнекті қоғамдық және саяси қайраткерлері – еуропалық істер және сыртқы істер министрі Бернар Кушнер, Францияның экс-Президенті Валери Жискар д Эстен, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, бұрынғы сыртқы істер министрі Ролан Дюма, ГФР-ның бұрынғы сыртқы істер министрі Ханс-Дитрих Геншер қатысты.

Конференцияға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Париж Хартиясы еуропалық қауіпсіздік саясатына жаңа кезең ашқанын атап көрсетті.

- Париж Хартиясының қабылдануы батыс пен шығыс блоктардың бір-біріне қарама қарсы тұрған жарты ғасырлық кезеңінің – «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталғанының белгісі болды. Париж Хартиясы еуропалық қауіпсіздік саясатының жаңа кезеңін ашты. Ол халықаралық қатынастардың сапалы өзгеруіне, соның аясында серіктестік рухтың, ынтымақтастықтың және өзара көмек көрсетудің шынайы бекітілуіне алып келді. Осы құжатта XXI ғасырдағы Еуропаның келешек тұжырымдамасы анықталды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жаңа трансұлттық қатерлерді – халықаралық лаңкестік пен экстремизм, есірткі тұтыну, заңсыз көші-қон, сондай-ақ жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс салдарларының әлемде өсіп отырған рөлін атап өте отырып, Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-на барлық қатысушылардың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жаңа шешімдер әзірлеу қажеттігіне және көп жақты ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды.

- Қазақстандық төрағалықтың тұжырымдамасы сенім, сабақтастық, ашықтық және толеранттылыққа негізделе отырып, ЕҚЫҰ тиімділігін арттыруға және Ұйымды жаңа жағдайларға бейімдеуге зор үлес қосуға деген біздің нақты ниетімізді қамтиды. Қазақстан азиялық құрлықтағы қауіпсіздікті нығайту үшін алаң бола алатын, біздің бастамамызбен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес пен ЕҚЫҰ-ның әлеуетті бірлесуі негізінде қауіпсіздіктің бірыңғай Еуразиялық тұғырнамасын құруды ұсынды. Еуропада қалыпты қарулы күштер туралы Шарт жөніндегі диалог жаңартылды, - деді Президент.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық өлшемдері жөніндегі жұмысты жандандырды.

- Мен әлемді дамыту үрдісі мен дағдарыстан кейінгі реал ескерілетін «Маастрихт плюс» атты ЕҚЫҰ-ның жаңа құжатын әзірлеу туралы бастаманы көтеріп отырмын. ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшемдері бойынша біз толеранттылық пен дінаралық диалогты белсенді түрде алға жылжытудамыз, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның саммиті Ұйым қызметінің жаңа кезеңінің басы боларына сенім білдірді.

- Ол «Ванкуверден Владивостокқа дейін» бөлінбейтін қауіпсіздік пен бірыңғай жүйені құру үдерісінің «жол картасын» және стратегиялық бағытын анықтап береді, - деді Президент.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар