Жаңалықтар

21 маусым 2019
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г.Н.Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті

Жиынды ашқан Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н. Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімінде берілген міндеттердің шешілуіне назар аударды.

Ұлттық комиссия жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отбасылық құндылықтарды ілгерілету сияқты мәселелерді қарастырды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес елімізде 14-тен 28 жасқа дейінгі аралықта 3,9 миллион жас бар. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары іске асырылуда. Табысты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы 2018 жылы 253 мыңнан астам жасты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді. Бұл осы бағдарламаға қатысушылардың жалпы санынан 37 пайызын құрайды. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша 8,5 мың жастар оқытылып, 2 мыңнан астамы шағын несие алды. Кәсібі бойынша алғашқы тәжірибе алу үшін 28,4 мыңнан астам жас өндірістік тәжірибеге жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жастар арасынан 34,8 мың адам жіберілді. Жастарды қолдау үшін «Жастар – ел тірегі» Ұлттық жобасы бастау алды. Бұл бастама үш жыл ішінде 1 миллион жасты қамтитын болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының басымдықтары рухани-адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртуға бағытталған. Рухани, мәдени құндылықтарды, ұлттық кодты сақтау және дәріптеу үдерісінде отбасы үлкен рөл атқарады. Сондықтан, осы тапсырманы жүзеге асыру үшін отбасылық құндылықтарды жылжытуға баса мән берілген. Осы мақсатта ҮЕҰ үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2019 жылы құны 607 миллион теңге болатын 167 әлеуметтік-маңызды жобаны іске асыру көзделген.

Мәдениет және спорт министрлігі оқушылардың каникул кезінде республикалық музейлерге, табиғат қорығы-мүзейлеріне және театрларға тегін кіруін қамтамасыз етті. Балалар мен жастарды шығармашылық және креативті жобаларға белсенді тарту үшін өңірлерде 208 коворкинг-орталықтары құрылды. Олардың көбісі Алматы қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында ашылды.

Сонымен қатар, жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Маңғыстау облысында орындалу барысы туралы мәселе қаралды. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қолдау мақсатында өңірде іске асырылып жатқан «Бизнес 3 күнде» жобасының оң тәжірибесі аталды. Басты міндет – табысы төмен отбасыларға өз ісін ашуға көмек көрсету.

Жиын соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар