National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы кеңестер

Мұнай-газ кеңесі

Мұнай-газ кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 наурыздағы Жарлығымен мұнай-газ саласының орнықтылығы және оны тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру мақсатында құрылды.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мұнай-газ кеңесі туралы

ереже

 

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мұнай-газ кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын орнықты және тиімді дамыту мақсатында құрылады.

2. Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

3. Кеңес өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Кеңес туралы осы Ережені басшылыққа алады.

 

2. Кеңестің міндеттері мен құқықтары

4. Кеңестің негізгі міндеттері:

1) Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстарды әзірлеу;

2) Қазақстан Республикасының ірі мұнай-газ кен орындарында жұмыс істейтін шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстарды тұжырымдау болып табылады.

5. Кеңестің белгіленген тәртіппен және өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:

1) Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуге;

2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын құруға;

3) мемлекеттік органдардан, ведомстволардан және ұйымдардан Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша қажетті ақпаратты сұратуға;

4) осы Ереженің 4-тармағында белгіленген міндеттерді іске асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, консультанттарды тартуға;

5) Кеңестің құзыреті шегінде оның тиімді қызметін жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

 

3. Кеңесті қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру

6. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

7. Кеңесті Кеңес төрағасы басқарады.

Кеңес төрағасы:

1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

3) Кеңес отырыстары өткізілетін орынды және уақытты айқындайды;

4) Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады;

5) жылына екі рет, есепті жартыжылдықтан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президентіне Кеңестің жұмысы туралы баяндайды.

Төраға болмаған кезде оның функцияларын төраға тиісті өкілеттіктерді беретін орынбасары орындайды.

8. Кеңес мүшелері:

1) Кеңес отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;

2) Кеңес отырысына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға құқылы.

9. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, Кеңес төрағасы айқындайтын мерзімдерде, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің тікелей қатысуымен өткізіледі және оның мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысқан кезде заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.

10. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

11. Кеңестің жұмыс органы:

1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен бұрын қабылданған шешімдер негізінде Кеңес отырыстарын өткізу үшін тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады;

2) Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен олар бұрын қабылдаған шешімдер негізінде отырыстың күн тәртібінің жобасын жасайды;

3) Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалуына мониторингті жүзеге асырады;

4) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

5) Кеңестің хаттамалық шешімдерін ресімдеуді және келісуді жүзеге асырады;

6) Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап екі апта ішінде Кеңес мүшелеріне және басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарға хаттаманың көшірмесін және өзге қажетті материалдарды жібереді.

12. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады, оған Кеңестің отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қояды.

13. Кеңестің шешімдері қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.

14. Кеңестің шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы немесе мұнай-газ саласының субъектілерінің назарына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген өзге тәсілмен жеткізілуі мүмкін. Жариялауға не мұнай-газ саласының субъектілеріне беруге арналған ақпараттың тізбесі мен көлемін Кеңес айқындайды.

 

4. Кеңестің қызметін тоқтату

15. Кеңестің қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негіз болып табылады.

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мұнай-газ кеңесінің

құрамы

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары

Әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары немесе Президенттің көмекшісі, төрағаның орынбасары

 

Кеңес мүшелері:

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

Қазақстан Республикасының Әділет министрі

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару