National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы кеңестер

Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес

Қазіргі уақытта Кеңестің қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорының (бұдан әрі - Қор) құрылуы мен пайдаланылуының нәтижелігін жоғарылату бойынша ұсыныстар даярлау, Қорды пайдалану көлемі мен бағыттары бойынша, сонымен бірге Қорда орналастыру үшін, материалдық активтерден басқа, рұқсат етілген қаржы құралдары және басқа да мүлік тізімі бойынша ұсыныстарды даярлау және қарастыру болып табылады.

Кеңес туралы Ереже және Кеңес құрамы жаңа мазмұнда Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 28 желтоқсандағы № 1509 Жарлығымен бекітілді.

Президенттің 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі №962 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Қорының құрылуы мен пайдаланылуы Тұжырымдамасының жаңа мазмұны бекітілді.

Қолданыстағы Тұжырымдама Ұлттық Қордың жинақталу бағытын күшейту және республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті бекітуді көздейді.

Тұжырымдама Қордың бұдан әрі белсенді жинақталуын, республикалық бюджеттің тұрақтылығын, экономиканың әртараптануын, мұнай табыстарының ұрпақтар арасында  бөлінуін қарастырады.

Тұжырымдамаға сәйкес, Қордың құралу көздері болып тұтас мұнай секторынан түсетін тікелей салық түсімдері – корпоративті табыс салығы, үстеме пайдаға салық, роялти, бонустар, өнімді бөлу туралы Келісімдер бойынша үлестер, экспортталатын мұнайға ренталық салық болып табылады.

Мұнай секторына мұнай және газ конденсатын өндіруші және экспорттаушы барлық заңды тұлғалар жатқызылады.

Республика меншігіндегі мемелекеттік мүлікті жекешелендіруден және  ауылшаруашылығына арналған жер учаскілерін сатудан түсетін табыстар да Қор құралуының көздері болып табылады.

Ұлттық Қордан республикалық бюджетке берілетін жыл сайынғы кепілденген трансферттің көлемі бюджет шығындарының қалыптасқан құрылымына қарай анықталады. Сонымен қатар, кепілді трансферт болашақ ұрпақ  пайдалана алатын жобаларды инвестициялауды көздейтін ағымдағы бюджеттік бағдарламалардың  және бюджеттік даму бағдарламаларының шығындарын қаржыландыруға бағытталады.

Қор активтерін басқару саясаты инвестициялау құралдарын кеңейтуді және елдер мен валюталар байынша тәуекелдерді барынша әртараптандыруды жүзеге асыруды көздейді.

Сонымен қатар, сыртқы басқарушылар арасында активтердің бөлінуі оңтайландырылады және оларға әртүрлі стильдегі басқару мандаттары енгізіледі.

ҚР Президентінің 2004 жылғы 28 желтоқсандағы № 1509 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорын басқару бойынша Кеңес құрамы (лауазымы бойынша):

- Қазақстан Республикасы Президенті – Кеңес төрағасы

- Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі

- ҚР Парламент Сенатының Төрағасы (келісу бойынша)

- ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы (келісу бойынша)

- ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы

- ҚР Ұлттық Банк Төрағасы

- Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау бойынша комитет Төрағасы

- ҚР қаржы Министрі

- ҚР Ұлттық экономика министрі

Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі болып табылады.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару