National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы кеңестер

Жастар саясаты жөніндегі кеңес

Мемлекет басшысының 2008 жылғы 1 шілдедегі №625 Жарлығымен  Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) құрылды және оның дербес құрамы бекітілді.

Кеңестің негiзгi мiндеттерi: 

1. жастарға қатысты кешенді мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын анықтау, оны қалыптастыру және іске асыру жөнінде ұсынымдар тұжырымдау;

2. Қазақстан Республикасының Президентін жастар арасындағы ахуал туралы хабардар етіп отыру;

3. мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тиімділігіне талдау жасау;

4. мемлекет саясатының жастарға қатысты өзге де маңызды мәселелерін талқылау.

Кеңестің функциялары: 

1) Мемлекет басшысына мемлекеттiк жастар саясатын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

2) жастар саясаты мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарап, талқылайды, Қазақстан Республикасы Президентінің жастар мәселелері жөніндегі ресми құжаттарын дайындауға қатысады;

3) мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін елдің жастар саясаты саласын қозғайтын мәселелерін талқылауға тартады;

4) жастармен жұмыс барысында туындаған мәселелердi шешуде орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға консультативтiк көмек көрсетедi;

5) белгiленген тәртiппен мемлекеттiк билiк органдарымен, үкiметтiк емес ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасайды;

6) жастар саясаты мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта болады.

Кеңес негiзгi мiндеттерiн iске асыру үшін мыналарға құқылы: 

1) Кеңес құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдардан және лауазымды тұлғалардан қажеттi ақпаратты, құжаттарды, өзге де материалдар мен мәлiметтердi сұратуға және алуға;

2) өз отырыстарында орталық және жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының жастар саясаты мәселелері жөніндегі ақпаратын тыңдауға;

3) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың жастар саясаты мәселелері жөніндегі жұмысын зерделеуге, талдауға, қорытындысын жинақтауға; осы мақсатта орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, шығармашылық, ғылыми ұйымдардың және оқу орындарының мамандарын тартуға;

4) ғылыми мекемелердiң, бiлiм беру ұйымдарының және үкiметтiк емес ұйымдардың қоғамдық негiзде жұмыс iстейтiн өкiлдерiнен:

сараптау-талдау жұмысын жүргiзу үшiн сарапшылар кеңесiн;

Кеңес құзыретiне кiретiн жекелеген мәселелердi қарау үшiн жұмыс топтарын құруға;

5) жастар саясатын іске асыруға байланысты мәселелердi талқылау үшiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердiң, сондай-ақ өзге де мемлекеттердiң ұқсас құрылымдарымен ынтымақтастықта болуға.

Кеңес қызметiн ұйымдастыру:

Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі - Кеңес төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі - Кеңес хатшысы.

Кеңес құрамы орталық мемлекеттік органдардың, республикалық және өңірлік деңгейдегі азаматтық қоғам институттары мен қоғам өкілдері қатарынан үш жыл мерзімге құрылады.

Кеңес отырыстары қажеттiгiне қарай, бірақ кем дегенде жылына бір рет және оның мүшелерінің жартысынан кем емес бөлігі қатысқан жағдайда өткізіледі. Кеңес жұмысы ағымдағы және перспективалық жоспарлар негізінде жүзеге асырылады. Кеңестің жұмыс жоспарын оның мүшелерінің ой-пікірлерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып төраға бекітеді.

Кеңес шешiмдерi оның отырысына қатысқандар санының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Төрағаның шешімі бойынша Кеңес отырыстарына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, саяси партияларың, үкіметтік емес ұйымдардың Кеңес құрамына кірмейтін өкілдері, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар шақырыла алады. Кеңес отырысына шақырылған адамдар дауыс беруге қатыспайды.

Кеңес шешімдері Төраға қол қоятын хаттамамен ресiмделедi, ол мүдделі мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға жіберіледі.

Кеңестің жұмыс органы жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган -Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі болып табылады, ол Кеңестің қызметін ақпараттық-талдау және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етеді.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару