National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Сөйлеген сөздер


Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына зейнетақы реформасының мәселелері жөніндегі үндеуі

2013 жылғы 07 маусым

 

Қымбатты отандастар!

 

Республика Конституциясына сәйкес менің қарауыма Үкімет пен Ұлттық Банк бастамашы болған зейнетақы жүйесі туралы жаңа заңнама келіп түсті.

Мен Заңнаманы жақтаушылардың да, оған қарсылық білдірушілердің де дәлел-дәйектерімен жақсы таныспын.

Ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіру туралы мәселе қазіргі ең өзекті тақырыпқа айналды.

Мұның себебін мен Үкімет пен Ұлттық Банк іс-әрекетінің олқылығынан да көремін.

Жалпы, мен Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы заңнамасын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысына оң баға бере алмаймын.

Біріншіден, осындай өте маңызды әлеуметтік заң жобасы немқұрайлы қаралды.

Екіншіден, оны халыққа кеңінен насихаттау ісі дұрыс жүргізілген жоқ.

Нәтижесінде, қазақстандықтардың көбі зейнетақы реформасының түпкі мәнін түсінбей қалды.

Бүгінде зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізу керек екені анық!

Бұл – жаһандық үрдіс.

Еуропа Одағы мен әлемнің өзге де елдері дағдарыс пен құлдырау жағдайында осылай жасауға мәжбүр болды.

Әйелдердің зейнет жасын арттырудың басты себебі зейнетақы төлеудегі қаражаттың болжамды дефициті және зейнеткерлердің 70%-ін әйелдер құрайтыны болды.

Әйелдердің зейнет жасын арттырмаса, зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 2014-2024 жылдары 3 триллион теңгеге өседі.

Бұл мемлекетті зейнетақы төлеуге қауқарсыз етіп, болашақ зейнеткерлер үшін проблемаға айналады.

Сондықтан біз бұл мәселені қазірден бастап шешуге тиіспіз.

Қазақстан Үкіметі әйелдер үшін зейнет жасын өсіруді жоғары шекке дейін біртіндеп көшіру арқылы жүзеге асыруды алдын ала ұсынды.

Парламент Мәжілісі мен Сенаты бұл шешімнің халық үшін маңызын түсініп,  зейнетақы жүйесі туралы жаңа заңнаманың дұрыс шешім болып табылатын нұсқасын қабылдады.

Азаматтардың әлеуметік жағдайын жақсарту үшін қажет болғандықтан заң жобасын мен жалпы қолдаймын.  

Бірақ, зейнетақы жүйесін реформалау аспектілерінің бәрі жете ойластырылған дей алмаймын.  

Конституция берген өкілеттіктеріме сәйкес, әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы норманы қайта талқылау үшін Парламентке қайтарамын.

Мен зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынамын.

Осыған байланысты Үкіметке халыққа қажет заң мәселелерін одан әрі пысықтап, дамытуды тапсырамын.

Бірінші. Бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілсін.

Екінші. Азаматтардың міндетті 10 процент зейнетақы шығысына жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 процент енгізілсін.

Үшінші. Міндетті кәсіби зейнетақы салымын кезең-кезеңмен тағы да 5 процентке көбейту керек.

Бұл жайт айрықша және зиянды өндірістерде зейнеткерлікпен қамтамасыз етуді жақсартады.

Сондай-ақ Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырамын.

Парламентті менің ұстанымымды ескеруге шақырамын.

Зейнетақы реформасының күрделі мәселесі бойынша дұрыс шешімдер табылады деп мен кәміл сенемін.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің