National Emblem of Kazakhstan

Официальный сайт

Президента Республики Казахстан

Официальный сайт

Президента Республики Казахстан

Государственный секретарь


Выступление Государственного секретаря Крымбека Кушербаева на торжественном открытии памятника писателю Г. Бельгеру в Алматы

Құрметті зиялы қауым!

Бүгін біз іргелі суреткер, ірі талант иесі, көрнекті жазушы Герольд Карлович Бельгердің ескерткішін ашу салтанатына жиналып отырмыз.

Осы маңызды сәтте  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жазушы Герольд Бельгердің ескерткішінің ашылу салтанатына қатысушыларға жолдаған арнайы хатын оқып беруге рұқсат етіңіздер!

(ҚР Президентінің арнайы хаты оқылады)

 

Қадірлі қауым!

Күллі қазақтың «Герағасы» атанған  ізгілікті қаламгердің өмір кеңістігі мен өнер жазирасында салған шығармашылық сүрлеуі бүгінде кең көсілген күре жолға айналып отыр. Алатаудың баурайындағы ару Алматының орталығында орын тепкен дара  тұлғаның тас тұғыры осы ойымызды мейілінше айғақтаса керек.

Әрине, Герағаның адамгершілікті биікке ұстаған асыл қасиеті мен ұлтқа деген ақадал ниеті, қайсарлана алға ұмтылып, қайраттана ой тол­ғаған қайраткерлігі туралы үздіксіз айта беруге әбден болады.

Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ерке Есілдің жағасында балалық шағы өткен Гераға осы өлкедегі өнерімен танылған Шал ақын мен Үкілі Ыбырайлардың өлеңін құлағына сіңіріп өсті.

Көзкөргендер бала Бельгердің қаламгерлік жолды таңдауына олардың да әсері болған шығар деген ой білдіреді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастамаған жазушының «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Гете мен Абай» және басқа да толымды шығармалары бүгінде ойлы оқырманның көңіл түкпіріне қонақтап,  әдеби ортадан лайықты бағасын алған тұғырлы туындылар.

Суреткердің дәуіріміздің көркем бей­несі көрініс тапқан шығар­малары қазақ топырағын мекендеген түрлі ұлттар әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жас ұрпақ рухани азық алатын асыл қазынаға айналды.

Герольд Бельгер өскен еліміздің солтүстік аймағын ежелгі қазақтармен бірге мекен еткен орыс, неміс, поляк және басқа да ұлттардың өкілдері жер иесі қазақтардың пейілі мен мейіріне әрдайым ризашылық білдіріп, қиындықты бірге еңсеріп келе жатқаны тарихтан белгілі. Сондықтан болар халқымыздың жоғарғы рухани қасиеттеріне тәнті болған олар түрі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір бауырлас жұртқа айналды.

Еліміздегі әртүрлі этнос өкілдері сол тауқымет тұсында байырғы достығы мен жарасымды сыйластығына дақ түсірмей, бір-біріне шынайы жанашырлықпен көмек қолын созғандығы ұмытылмас ізгілік көрінісі, бүгінгі және келер ұрпақтар жадында мәңгілік жаңғырып тұрар жақсылық екені белгілі.

Мінеки, осындай қарапайым адамдардың адал достыққа құрылған биік адамгершілік ортасынан тәлім алған біздің Гераға да өмірінің соңына дейін қазақтың тілі мен діліне, мәдениеті мен өнеріне деген шынайы қамқорлығы мен жанашырлығынан әсте айнып көрген емес.

Герольд Бельгердің жазғандарын қайта парақтап отырып, мынадай жолдарды оқи аламыз: «Мен Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы керек деген идеяның алғашқы авторларының бірімін. Ақыры сен Қазақстанда тұрасың ба, оның мәдениетін мойындауың керек және оны бар жан-тәніңмен қабылдай білуге тиіссің»  немесе «Ең тиімді тәсіл қазақ қана емес қазақстандық зиялы қауым өкілдері, қазақтар, немістер, орыстар, кәрістер, ұйғырлар кез-келген арандату мақсатында айтылатын ой-пікірлерді жоққа шығарып, барлығы бірауыздан үн қатуы керек. Осылайша мемлекеттің бөлінбейтінін, біртұтастығын көрсетеміз. Мен өзімнің азаматтық позициямды осылай көрсеткім келеді» деген ойларын кездестіреміз.

Осы арқылы Герағаның ұлтымызға деген соншама іңкәрлігіне, Отанымызға деген сүйіспеншілігіне, бірлікті ту еткен берік ұстанымына, ана тілімізге деген асқақ құрметіне тағы да көз жеткізгендей боламыз.

Мен кезінде Герағамен аралас-құралас бола жүріп, бір жолыққанымызда бір сәтте орыстың «вид» деген сөзінің «түр», «тұрпаттан» келетін қазақша  27 синонимін айтып-жазып бергенде қаламгердің соншалықты ізденімпаздығына, зеректігі мен парасаттылығына, қазақ тіліне деген ерекше көзқарасына қайран қалғанымды жасыра алмаймын.

Бүгін біз Герольд Бельгердің ескерткішінің алдында тұрып, тұғырлы тұлғаның рухына тағзым етеміз, сырласамыз, көзі тірісінде ұлт үшін жасап кеткен жарқын істеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз.  Қазақтың жетіспей жатқан жерін сынағанында халқымыздың қаламгерді сырт көздің сыны ретінде емес, қазақтың төл баласының нағыз жанашыр сөзіндей қабылдайтынын еске аламыз. Соны терең ұққан қазақ халқының Герағаға деген өкпесі бол­ған жоқ, керісінше, жанындай жақсы көрді, сыйлады, тілеуін тіледі, ұлағат тұтты. Үш бірдей мәде­ниетті бір бойына тоғыстырған дарынды тұлға ретінде ұлт руханиятына дара соқпағын, сара жолын салып кеткен салиқалы «сары шалын» қазақ халқы әлі де сағынады, іздейді, ізет тұтады!

Елімізде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен 2016 жылдан бастап 1 наурызда Алғыс айту күні өткізіліп келеді. Бұл замана зобалаңымен Қазақстанға еріксіз депортацияланған ондаған этнос өкілдерінің кезінде тағдырдың тауқыметіне тастамай, құшағын ашып, дастарханын жайып, суыққа тоңдырмай, аштыққа ұрындырмай аман алып қалған қазақ халқына деген алғысы екені баршаға аян. Уақыт өте келе сол азаматтар қазақтың ажырамас ағайынына, жанашыр жанбауырына айналды. Қазақтың мәдениеті мен өнерін өрге сүйреген өрелі тұлғалар қалыптасты.

Өзге этнос өкілдері арасында қазақтың мәдениеті мен өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан Александр Затаевич, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Александр Селезнев, Наталия Сац және басқа да дарынды тұлғалардың еңбектерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, бүгін арамызда осы дәстүрлі жолды жалғастырып келе жатқан Юрий Петрович Аравин, Рубен Суренович Андриасян, Александр Николаевич Гарковец, Асылы Османқызы, Ахметжан Әшіров сияқты өнер мен әдебиет майталмандарына да ризашылығымызды білдіреміз.  Қазақ халқының  да ұлттық өнерді өркендетуде жемісті еңбек етіп келе жатқан осындай тұлғаларға деген алғысы шексіз.

Сонымен бірге, осы ескерткіштің бой көтеруіне қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімдігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне дарынды сәулетші Нұрлан Далбайға,  белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұловқа, өнердегі де өмірдегі де өкіл баласындай болған Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, талантты режиссер Ермек Тұрсыновқа, тілектес зиялы қауым өкілдеріне шынайы алғысымызды білдіреміз.

Соңына өшпес із, мол шығармашылық мұра қалдырған Герольд Бельгердің ғұмыры үзілгенімен, тұғыры осылайша биіктей беретініне, жарқын бейнесі халық жадында әрдайым сақталатынына кәміл сенімдіміз!

Ниетіміз қабыл болсын!


Вернуться назад Вернуться назад Twitter Facebook Печать

Законы

23 октября 2021 года

Главой государства подписан Закон Республики Казахстан «О ратификации Протокола о сохранении биологического разнообразия к Рамочной конвенции по защите морской среды Каспийского моря»


Президент Касым-Жомарт Токаев принял заместителя Премьер-министра – министра финансов Венгрии Михая Варгу

26 октября 2021 года

Президент Касым-Жомарт Токаев принял заместителя Премьер-министра – министра финансов Венгрии Михая Варгу

Указ

21 октября 2021 года

Указами Главы государства: