Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Мәртебелі меймандардың құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Бельгияның Мемлекеттік Туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.



Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президенттік оркестр екі елдің әнұрандарын орындады.



Содан кейін Шығыс залында шағын құрамдағы кездесу өтті.
Келіссөз барысында Президент Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи уақиға екенін атап өтті.
– Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді.
– Келесі жылы елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Осы жылдарда шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық. Үздіксіз саяси диалог ынтымақтастығымыздың берік тұғыры іспеттес. Біз жетістіктеріңізді ұдайы қарап отырамыз. Бұл шын мәнінде таңғалдырады. Сіздерден үлгі алып, тәжірибелеріңізді үйренуіміз қажет. Бельгияға бес жыл бұрын жасаған сапар барысындағы мазмұнды келіссөздерді ықыласпен еске аламын. Биыл маусым айында Бельгияға барған сапарымда Премьер-министр Барт де Вевермен келіссөз жүргізіп, серіктестікті нығайтуға қос тарап та бейіл екенін растадық, – деді Мемлекет басшысы.
Король Филипп пен Патшайым Матильда қонақжайлығы және сый-құрметі үшін Қазақстан Президентіне шынайы ризашылығын білдірді. Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарына және халықаралық аренадағы биік абырой-беделіне арнайы тоқталды.
– Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы, Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды. Бұл өңірдің мәні зор. Менімен бірге үлкен делегация келді. Әлбетте, біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Елдеріміз 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатты. Біз осы тарихи межені бірге атап өтуге ниеттіміз. Сонымен қатар ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін. Менімен бірге келген делегация құрамына келешекке бағдарланған түрлі саланың өкілдері кірді. Президент мырза, бізбен бірге жүру үшін жұмыс кестеңізді өзгерткеніңізді білемін. Осы ықыласыңызға тәнтіміз. Сондықтан алтын уақытыңызды бөліп, құрмет көрсеткеніңізді жоғары бағалаймыз, – деді Бельгиялықтар Королі Филипп.
