National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештті қабылдады

2023 жылғы 02 мамыр

Президент Францияның Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегаты, Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештті қабылдады.

Мемлекет басшысы жоғары лауазымды дипломатқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-француз қарым-қатынастарының деңгейін жоғары бағалады және оның елімізге алғашқы ресми сапары барлық саладағы стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенімді екенін айтты.

– Сіз Президент Эмманюэль Макронның арнайы сәлемін жеткізіп отырсыз. Мен де оған деген шынайы құрметімді білдіремін және жүрекжарды лебізімді жолдаймын. Біз Франция президентінің өзіне ыңғайлы уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуін күтеміз. Бұл сапар көптеген саладағы өзара тиімді ынтымақтастығымызға тың серпін береді деп санаймын. Франция  – Еуропадағы ең басты серіктесіміз.  Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға мүмкіндігіміз мол екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша, соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан нарығына, әсіресе мұнай-газ химиясы, жасыл энергетика, авиация және өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика салаларына француз бизнесін кеңінен тарту үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін айтты.

Өз кезегінде Оливье Бешт Мемлекет басшысына қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын айтып, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуына көңілі толатынын жеткізді.

– Былтыр қараша айында Парижге жасаған ресми сапарыңыз өте сәтті болды және екіжақты қарым-қатынастарға нақты саяси серпін берді. Президентіміз Сізбен арадағы жақсы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды маңызды деп санайды. Бұл бізге аса маңызды халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасуға мүмкіндік береді. Сондықтан  Президентіміз серіктестігімізді дамытуға барынша күш салуымды сұрады.  Қазақстан  – сенімді серіктес, достас мемлекет әрі  Орталық Азиядағы  бізбен стратегиялық байланыс орнатқан жалғыз ел, – деді министр-делегат.

Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де қарастырылды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 26 сәуір

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты

2024 жылғы 06 мамыр

Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты

Жарлық

2024 жылғы 06 мамыр

Жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру туралы


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің