Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.
– Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. Біртұтас Қазақстан халқы мұны жақсы түсінеді. Наурыз айындағы конституциялық реформа – соның айқын дәлелі. Саяси науқан кезінде біз ең алдымен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, тарихи таңдауымызды жасадық. Бәріміз бір ел болып, жаңа Конституцияны қабылдадық. Мұны ұлт болашағына тікелей ықпал ететін аса маңызды шешім десек, қате болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мемлекеттігіміз бен егемендігіміздің мызғымас кепілі екенін атап өтті.
– Бас құжатта халқымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен бірегей құндылықтары көрініс тапты. Жаңа Ата заңда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, бірлігін күшейту бұлжымас қағидат ретінде айқындалды. Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Осылайша, біз Заң мен тәртіп үстемдік құратын, баршаға бірдей мүмкіндік берілетін, Әділетті, Қуатты, Өркениетті мемлекет құру жолына бет алдық. Қазақстанның мақсаты – биік, бағдары – айқын. Ырысты ынтымағымызды және берекелі бірлігімізді сақтай білсек, осы мұратымызға жетеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент егемен еліміз Қарулы күштерге зор сенім артып отырғанына тоқталды.
– Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Сайыпқыран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Күштік құрылымдар заң үстемдігін, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Құтқарушылар қатерден қаймықпай азаматтардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Жауынгерлеріміз күрделі міндеттерді табысты орындап, халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне де зор үлес қосуда. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындау мәртебесіне ие болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішіндегі жалғыз мемлекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздарымыз арнайы жасақтар мен күштік құрылымдар арасындағы жаһандық додаларда тамаша жетістікке қол жеткізіп жүргенін айтты.
– Биыл Дубайда өткен ауқымды халықаралық жарысқа еліміздің бес командасы қатысып, жүлдемен оралды. Байрақты бәсекеде бірінші және екінші орынды Қазақстан құрамасы еншіледі. Әсіресе, әйелдер арасында топ жарған «Томирис» командасының қарым-қабілетіне жаһан жұрты тәнті болды. Мұның бәрі де – рухы мықты, қажыр-қайраты мол, Отан алдындағы антқа адал сарбаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі екені айқын. Мемлекет осындай айбынды жауынгерлерімізді қашанда қолдайды. Бұл – ең алдымен, ел мүддесі үшін, яғни, ұлтымыздың келешегі үшін аса маңызды міндет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.
– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Мен әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы, биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Заң және тәртіп» идеологиясын орнықтыру жауапты әрі жасампаз патриотизммен тығыз ұштасатын аса маңызды міндет.
– Біз құқықтық нигилизмге жол бермейтін, аңыздағы немесе қолдан жасалған «батырларды» емес, бұрынғы және бүгінгі нағыз қаһармандарды құрмет тұтатын үйлесімді қоғам құруымыз қажет. Туған елі мен халқының игілігі жолында адал қызмет еткен, ар мен намысты бәрінен биік қойған азаматтар жастарға үлгі болуға тиіс. Олардың қатарында қаза тапқаннан кейін ерліктері мен батырлықтары еленіп, орден-медальмен марапатталған әскерилер, полицейлер, құтқарушылар, арнаулы орган қызметкерлері де аз емес. Менің бастамаммен олардың есімдері көшелер мен түрлі мекемелерге беріліп жатыр. Мұндай тәсілді ведомстволық наградаға қатысты да пайдалануға болады. Осындай алғашқы марапаттың бірі – он бес жыл бұрын жанынан безген терроршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы медаль. Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, отандастарымыздың жарқын бейнесін жүрегімізде сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, ерлік ешқашан ескірмейді.
– Баһадүр бабаларымыз рухы асқақ, намысы биік екенін ерен ерлігімен дәлелдеп келді. Даңқты ерлеріміз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алайда, көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалғаны да жасырын емес. Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда отандасымыз Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.
– Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді. Бұл нацистік режимнің күйреуін көрсеткен, майдангерлердің рухын көтерген, шабуылды одан әрі үдете түсуге дем берген сәт еді. Оның қаһармандық жолы туралы маршал Георгий Жуков және басқа да мықты қолбасшылар, сондай-ақ жеңіспен аяқталған қанды шайқас жөнінде қалам тербеген журналистер де жазды. Өкінішке қарай, бұл тарихи мән-маңызы айрықша даңқты ерлік осы кезге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша, біз бүгін бір ел болып тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел екенін жеткізді.
– Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс деп есептейміз, әрқашанда «ас пен тас» стратегиясын жүргізуге дайын болуымыз қажет. Біз халықаралық құқық қағидаттары мен нормалары қатаң сақталуы керек деп санаймыз. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. Осы мызғымас ұстанымдар жаңа Ата заңымызда нақты айқындалды. Бірақ бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес. Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, ең алдымен, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халқымызда «Батыр елі үшін туады» деген сөз барын, елге қорған болу ең абыройлы қызмет екенін айтты.
– Нағыз патриот азамат үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. Күштік құрылым қызметкерлерінің күнделікті табанды еңбегі ел үшін жасалған ерлік екені сөзсіз. Сіздер әрқайсыңыз сертке берік болып, Отан алдындағы міндеттеріңізді мінсіз орындап жүрсіздер. Мен Мемлекет басшысы және Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін сіздерге әскери атақ пен сыныптық шен беру туралы тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұған қоса бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Баршаңызға құтты болсын! Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді, туған елге адал болуды үйренеді. Сіздер жастарға үлгі болып, жол көрсетіп, әрдайым ұлт мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Айбынды армиямыздың абыройы арта берсін! – деді Президент.
